Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев зияткерлік мектебінің

физика пәнінің мұғалімі

Оңғарбай Жанғозы

 Эссе

                   Мұғалім мамандығын таңдап тер төгіп еңбек еткеніме 13 жыл өтіпті. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым       үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және  әр оқушының бойынан жақсылық  тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Мұндай ұстаным  мұғалімде болмаса, ол жай мұғалім атын жамылып жүргендер деп айтар едім. Ал ұстаздардың ішінде зияткерлік мектептерінің физика пәні мұғалімдерінің жүгі ауыр. Себебі болашақ ұрпаққа, ұлттың зияткер ұл-қыздарына ғылым мен техниканың, қоғамды дамытушы ғылым- физиканы оқыту зор міндет. Ендеше, осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға – ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады. Халқымыз әрқашанда ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп, бағалаған. Ұлы Абай “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады”, деп айтқаны белгілі.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес.

Жақсы ұстаз— бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеймін және солай болуы тиіс.

Бұл міндетті жемісті орындау үшін, оқушының пәнге деген қызығушылығын артыру үшін оқытудың көптеген жаңа әдіс- тәсілдерін алып, өз іс- тәжірибемде ұтымды пайдалана білуге тырысамын. Осы Назарбаев зияткерлік мектебінде істеген уақыттан бастап «Дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастыру арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін жетілдіру» атты әдістемелік- шығармашылық тақырып бойынша  жұмыс жасап жүрмін.

Педагогикалық процесте инновация- оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнын, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді.

Мен өзімнің инновацияны сабақтастыру іс-әрекетімді төрт түрлі өлшеммен сипаттаймын:

ü инновациялық іс-әрекеттің қажеттілігін сезіну;

ü оқу үрдісіне жаңалық енгізуде шығармашылықпен қызмет етуге даярлығымның болуы;

ü енгізілетін жаңалықтардың бағытының дұрыстығына, тиімді нәтиже әкелетініне сенімді болуым;

ü белгілі проблеманы шешудегі қолданылатын инновациялық іс-әрекетті толық өзіме қабылдап, оны енгізе білуім.

Шығармашылық – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі. Шығармашылық- өте күрделі психологиялық процесс. Мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – шығармашылық. Мұғалім өз шығармашылығы арқылы оқушы шығармашылығын ұйымдастырады. Ал менің мақсатым – оқушыға оқу үрдісін ұйымдастыру барысында шығармашылықтың маңызын білдіру, баланың басқаға ұқсамайтын қабілетін ашу. Физика пәнін оқыту барысында оқушылардың шығармашылығын дамыту жолдарын екіге бөліп қарастырдым:

1.  Жаңа ақпараттық технологиялар

2. Жүйелі жүргізілетін оқушыны шығармашылық қабілетін жетілдіру жұмыстары.

Қазіргі уақытта елімізде  әлемдік білім кеңістігіне бағыт алған жаңа білім беру жүйесі қалыптасуда. Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мектептері мемлекетіміздің мәртебесін анықтауда қазіргі заманғы білім жүйесінің негізгі қазығы болып отыр. Сол жаңа білім кеңістігін қалыптастыруда менің қосатын үлесім көп екені сөзсіз.

Ал, осы мақсатты орындау үшін мектебіміздің барлық оқу-кабинеттері қазіргі заманауи техника мен зертханалармен жабдықталған. Кез-келген компьютер арқылы сымсыз Wi-Fi желі арқылы интернетке қосылуға болады.

Физика пәнін оқытудағы интернет – технологиялар білім ортасын айтарлықтай кеңейтуге және танымдық іс-әрекеттерді арттыру үшін қосымша дидактикалық жағдайлар жасауға, оқыту процесіне қатынасын өзгертуге, өзін-өзі тану және өзін өзі-дамыту дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Медиатехнологиялардың даму жылдамдығын ескере отырып, білімнің жоғары деңгейге шығуы қоғам үшін де, қоғамның мүшесі болып саналатын оқушы үшін де аса маңызды болып келеді. Оқушыға жаңа білімді тиімді іс – әрекет, жаңа технологиялар, ақпараттық дүниемен қарым – қатынас жасау арқылы оңай меңгеру әдістерін дамытуға болады. Мұның бәрі  ақпаратпен жұмыс жасау және оны байыпты ұғыну жолдарын іздеу, оған сыни тұрғысынан қарау, өз пікірін дәлелдей алу қабілетімен қатар шығармашылығын дамытуға бағыт береді.

Осылайша, физиканы оқытуда оқушының шығармашылығын дамыту жолын оқушылардың ақпараттық және коммуникативтік мәдениетін қалыптастыруға бағыт беретін білім технологияларын қолдану арқылы дамыту керек деп білемін.

Мысалы, 7 сыныпта «Траектория, жол және орын ауыстыру» тақырыбын оқыту барысында Google компаниясы жасаған Google Earth бағдарламасын қолдануды алайық. Бағдарлама тек интернет желісі арқылы жұмыс жасайды. Бағдарлама арқылы траектория, жол және орын ауыстыру ұғымдарының физикалық мағынасын түсіндіру оңайға түседі, сонымен қатар, бағдарламаны қолдану оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырумен қатар дүниетаным шеңберін кеңейтіп, коммуникативтік құзыреттілігін арттырады.

Оқушылардың шығармашылығын дамытуда тек компьютерлік технологиялармен шектеуге болмайды, өйткені адам ақпаратты басқа көздерден де – баспа беттерінен, аудио – видео құралдарынан – алады. Алайда бүгінгі күні, әрине, басымдылық пен маңыздылық компьютер мен телекоммуникация құралдарына беріліп отыр. Өзім физика сабақтарында интернеттің көмегімен оқытудың жаңа құралы ретінде оқушылардың жеке қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып, олардың ақпараттық – коммуникативтік және шығармашылық іс – әрекетін ынталандыруға үлкен септігін тигізетін біркелкі емес дидактикалық жағдайларды ұйымдастыра аламын.

Ақпараттық коммуникациялық технология әдістерін дәстүрлі әдістермен ұштастыра  жаңаша сабақ түрлерін өткізу үшін еш қиындық кездеспейді. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы өзім де, оқушыларымда да  пәнге деген қызығушылықтың жаңа бір белесіне шыққандай болдым.

Осыған мақсатта жасалған білім алушылар мен ұстаздарға арналған «Жанғозының блогы» www.physic.kz сайтын  келтіруге болады. Бұл сайт физиканы оқытудағы интернет-технологияны кеңінен қолдануды насихаттау, физика сабақтарын өткізу үшін Интернет қызметін барынша кең қолдану, физик ұстаздардың біртұтас ақпараттық ортасын құру және физиканы оқытудың сапасын арттыру  үшін дайындалған.  (ақпараттық кеңістікті кеңейту және керек ақпаратты іздеу; коммуникативтік процестерді жүзеге асыру және қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыру; физиканы оқыту процесі үшін қажетті желі ресурстарын жинау және жүйелеу; желі ресурстарының қорын дайындау және т.б).

Ақпараттық коммуникациялық технология әдістерін қолданып оқитын оқушыларының оқу сапасы да жоғары, сабаққа деген мотивациясы да жоғары болуы – қазіргі заман оқушысының танымдылық, шығармашылық қабілетін дамытудың тура жолының бірі  – ақпараттық коммуникациялық технологияның артықшылықтары деп білемін.

Әрине, бұл жұмыстарымда кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан келешекте өз әдістемелік технологияларым мен сабақ үйрету шеберлігімді жетілдіру үшін мынадай жұмыстар жүргізу қажет деп білемін:

- үздіксіз біліктілігімді көтеріп отыру;

- арнайы әдебиеттерді оқу;

- оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын ендіріп отыру;

- өзіндік сарап жүргізу арқылы ұзтаздық шеберлікті жетілдіру.

Қалай болса да физика сабағында оқу сапасын арттыру арқылы оқушылардың дамуына ықпал ету – әрбір мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен құзіреттілігіне тікелей байланысты деп айта аламын.

Осыдан түйгенім: жаңа ақпараттық технология элементтерімен дәстүрлі әдістерді сабақтастыра жүргізген сабақ өз шыңына жетеді. Ал оқушы сол білім шыңына шығу үшін жоспарланатын тапсырмалар мен қолданылатын әдістер әрбір мұғалімнің шеберлігімен, өмір мен тұрмыстың күрделілігіне қарамастан қаншалықты өз жұмысын сүйетініне байланысты. Олай болса «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген  ұлы Абайдың сөзі ақиқат екенін өмірдің өзі дәлдеп отырған жоқ па?!